Бұл ертегіні аударған Аймаганова Маржан Аждарқызына үлкен рахмет!
Бұл оқиға осыдан сәл ертерек заманда болса керек. Бір шкафтың суырмасында шұлықтар өмір сүріпті. Шұлықтардың өмірі өздеріне ұнайды екен. Бір қызығы, күнде-күнде бір қол суырманы ашып, ішінен бір жұп шұлықты алып кететін көрінеді. Тек жолақ шұлыққа қол ешқашан жоламайды екен.
Суырмаға қайтып келген шұлықтардың әңгімесін күнде кешкісін тыңдап жатып, жолақ шұлық қиялға беріледі. Қиялында ол бірде жылтыр шұлық болып тойда, би алаңдарында тербеледі, ал бірде жылы шұлықтың орнына тауда, орманда серуендейді, кейде тоқыма жүн шұлықтың орнына шаңғы теуіп, сырғанақтан сырғанайды. Қиялмен күннің қалай өтіп, түннің қалай батқанын да сезбейтін кездері болыпты. Бірақ қанша армандаса да жолақ шұлықты қол үнемі айналып өте беріпті. Өз кезегін күте-күте жалыққан жолақ шұлық бір күні суырмадан бөлмеге секіріп шығыпты. Жан-жағына қараса, бөлмеде ешкім жоқ, тып-тыныш екен. «Менің ешкімге қажетім жоқ» деп мұнайып отырған жолақ шұлықты көрген тоты құс шұлықтың қасына ұшып келіп:
- Неге көңілсізсің? Сені біреу ренжітті ме?- деп сұрайды.
- Маған ешкім назар аудармайды. Менің ешкімге керегім жоқ,, - дейді жолақ шұлық жыламсырап.
- Расында, неге бұлай?- деп ойланып қалған тоты құс біраздан кейін:
- Ия, ия мен түсіндім - деп әрлі-берлі ұшып, қанатын қомдай түседі.
- Нені түсіндің, маған да айтшы - дейді жолақ шұлық.
- Сен қазір жалғызсын, сенің жұбың жоқ, сондықтан сен керексіз сияқтысын. Ал мен саған көмектесемін, менің жолақ достарым көп -деп тоты құс жолақ қолғапты ертіп келеді:
- Міне, енді сенің де жұбың бар, бірге ойнайсыңдар!
Қуанып кеткен жолақ шұлық қолғаппен ойнай бастайды. Сол-ақ екен:
- Асылым, сен қайдасың? Мен сені іздемеген жерім жоқ! - деген екінші қолғаптың дауысы естіледі. Тағы жалғыз қалған жолақ шұлық терең ойға кетеді. Оны көрген тоты құс досын сергіту үшін үй ішіндегі достарын шақырып, шұлықтың көңілін ауламақшы болады. Бірақ тоты құстың жолақ достары дәл сол мезетте жолақ шұлықпен ойнай алмайтын еді. Жолақ шәйнек: «Мен асығып тұрмын, қазір үйге қонақ келеді» дейді. Ал жолақ кесе, қонақтарға шай беретінін айтады. Жолақ сүлгілер де, жолақ дастархан, жолақ тәрелкелер де қонақ күтуге әзірленіп жатқандарын айтты. Тоты құс енді үстел үстінде жатқан жолақ қарындаш пен жолақ жол дәптерге қарады. Олар да өздерінің дәл қазір ойнай алмайтынын айтып жатыр. Не де болса, жолақ бөкебайды шақырайын, жолақ шұлықпен ойнасын деген оймен тоты құс бөкебайдың қасына келеді.
- Ренжімеші, менің де уақытым тапшы, қонақтарды қарсы алуым керек еді, - деп бөкебай сыртқа шығып кетеді.
«Енді қайттім?!»- деп ойланып тұрған тоты құстың ойына кенет тарғыл мысық түсе кетті. «Күні бойы диванда керіліп жатқаннан басқаны білмейтін тарғыл мысыққа дос керек болар» дейді іштей.
- Достым, мұная берме. Менің саған дайындаған тосын сыйым бар, қазір өзін көресін - деп ұшып барып, диванда көсіліп жатқан тарғыл мысықты ертіп келеді.
Онсыз да іші пысып жатқан тарғыл мысық істің мәнін түсінбестен жолақ шұлықтың артынан қуып береді. Жолақ шұлық қорыққанынан шкафтың үстіне мініп алады. Шкаф үстінде отырған жолақ шұлыққа алыстан «көмектесіңдерші» деген әлсіз дауыс естіледі. Дауыс қайдан шығып жатыр, жан-жағында ешкім жоқ. Жолақ шұлық демін ішіне тартып, тың тыңдай бастады. «Кім бар үйде? Көмектесіңдерші!» деген дауыс осы жолы анық естілді. Көп ойланбастан, жолақ шұлық шкафтан секіріп түсіп, дауыс шыққан жаққа барса, шкафтың астында өзі сияқты жолақ шұлықты көреді. Қатты қуанғанынан: «Алақай, бұл менің сыңарым ғой! Менің сыңарым табылды!» деп сыңарын дереу шкаф астынан шығарып, құшақтай берді. «Шіркін, менің де сыңарым болса ғой. Біз үнемі қол ұстасып, бірге жүрер едік, бірге ойнар едік» деп армандаған сәттері ойына түскен жолақ шұлықтың жүзі бақыттан бал-бұл жайнады. Өкінішке орай, жолақ шұлықтың сыңары ойыннан гөрі ұялы телефонда отырғанды көбірек ұнатады екен, шкаф астынан шығысымен ұялы телефонына үңілумен болады.
- Жүр, бірге ойнайық, -деген сыңарына жауап бермей, бір орнында тапжылмастан отыра берді. Қуанышы ұзаққа бармаған жолақ шұлық басын төмен салбыратып кетіп бара жатқан:
-Сәлем! - деген жуандау дауысты естиді. Қараса, сап-сары банан екен.
- Кел, дос болайық, бірге ойнайық! - деп банан ұзын, әдемі саусақтарымен жолақ шұлықтың қолынан ұстап, өзіне қарай тарта шыр айналдырды. Оның сүйкімді қылығына мәз болған жолақ шұлық бананға еріп, ойнап кетті. Содан бері банан мен жолақ шұлық өте тату, қимас дос болып кетіпті.
Ойлары мен мақсаттары, арман-қиялдары ұқсас екі дос тату-тәтті өмір сүріпті.
Comments
Post a Comment